2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап идеологиясы өзгерген, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге көзделген жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау.
Салық кодексіндегі негізгі енгізілген өзгерістерге ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының м.а. А.Райымқұловтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы салықтары мен төлемдері бойынша жаңа жер қойнауын пайдалануға баламалы салық енгізілді. Бұл ретте, баламалы салықты Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес: 1) Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында көмірсутекті өндіруге арналған және (немесе) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісім-шарт; 2) тереңдігі тау-кендік бөлудің шекарасының жоғарғы нүктесінің 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлудің төменгі нүктесінен 5000 метр және одан төмен кен орындары бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған және (немесе) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жасасқан заңды тұлғалар — жер қойнауын пайдаланушылар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың және үстеме пайда салығының орнына қолдануға құқылы (766 бап).