2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап идеологиясы өзгерген, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге көзделген жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау.
Салық кодексіндегі негізгі енгізілген өзгерістерге ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының м.а. А.Райымқұловтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
2018 жылдан бастап, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасау кезінде қосылған құн салығын төлеушілермен қоса Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайлардағы салық төлеушілер, ҚҚС төлеуші болып табылмайтын комиссионер және эспедитор, ал, 2019 жылдан бастап аталған тұлғалармен қоса импортталған тауарларды өткізген жағдайда салық төлеушілермен де шот-фактура жазып беруге міндеттілігі көзделген (412 бап).
Және де, ағымдағы жылдан бастап, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайлардағы салық төлеушілер, салықтық мониторингке жататын салық төлеушілер, ҚР кеден заңнамасына сәйкес, уәкілетті экономикалық операторлар, кеден өкілі, кедендік тасымалдаушы, уақытша сақтау қоймаларының иесі, кеден қоймаларының иесі болып табылатын салық төлеушілер, халықаралық жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын салық төлеушілер, ал, 2019 жылдан бастап барлық салық төлеушілер шот-фактураны электрондық нысанда жазып беруге тиісті.