Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мырзахметов Асқар Исабекұлы Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Жаңа қызметке дейін Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасы Үкіметі басшысының орынбасары, әрі Ауыл шаруашылығының министрі қызметін атқарған.
Асқар Мырзахметов оңтүстікқазақстандықтарға белгілі тұлға, Оңтүстік өңірінде 6 жыл бойы басшылық жасады. Оның еңбегін Мемлекет басшысы жоғары бағалап, 2011 жылы «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» атанды. Ресей Федерациясының Президенті тарапынан 2013 жылы «Дружба» Орденімен наградталды. Осы жылдар аралығында Оңтүстіктің жаңа әкімшілік іскерлік орталығын ұйымдастырды. Яғни, Елбасы тапсырмасымен Шымкент қаласының жаңа орталығы салынды. Шахар аумағы кеңейіп, миллион адам тұратын мегаполиске мүмкіндік жасалды.
Жамбыл облысы халқының саны 1,072 млн. құрайды. Облыста 10 аудан, облыстық мәндегі Тараз қаласы және аудандық мәндегі Қаратау, Жаңатас, Шу сияқты үш қала, 367 елді мекен бар.
Анықтама:
Мырзахметов Асқар Исабекұлы
1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында туған.
1984 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «Зооинженер» мамандығы бойынша аяқтаған;
Еңбек өтілі: Қазақстанның қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері (1984-1985);
Қазақстанның мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері (1988-1991);
«Қазақстан» республикалық биржасының вице-президенті, Орта Азия және Қазақстан биржалары Қауымдастығының Басқарма төрағасы, «Электронды супермаркет» АҚ президенті (1991-1995); «Tasmo» инвестициялық фирмасының Бас директоры (1995-1996); «Агро-лизинг» АҚ Бас директоры (1996-1999);
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі (1997-1999);
Қазақстан кәсіпкерлері Форумы кеңесінің төрағасы (1999 жылдың наурызынан тамызына дейін);
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі (1999-2002);
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі (2002-2005);
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аң шаруашылығы комитеті
төрағасының міндетін атқарушы (2003-2004);
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі (2005-2006);
Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі (2006-2007);
«Оңтүстік» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы (2007-2009);
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (2009-2015);
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары (2015 жылдың тамызынан бастап);
2016 жылдың мамырынан Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.
2016 ж. 14 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі болып 2017 жылдың желтоқсан айына дейін қызмет атқарды.