Ресейлік қылқалам шеберлері елордалықтарға тарту жасамақ.
Олар тамыз айының соңына дейін Астанадағы Ұлттық мұражайда суретшілердің көрмесін өткізеді. «Ұлылармен сұхбат» атты көрмеде петербургтік және мәскеулік кескіндеме мектебінің көрнекті өкілдерінің картиналары мен мүсіндері қойылады. Көрші елдің 19 суретшісінің 90-нан астам туындысы көпшіліктің назарына ұсынылмақ. Онда шығармашылық өңдеу негізінде жасалған көркем туындылар көрсетіледі. Жобаның басты мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту.
Роза Әбенова, ҚР Ұлттық мұражайының заманауи өнер орталығының басшысы: — Көрмеге туындысы қойылатын әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Өзіндік әдіс-тәсілі мен айтар ойы бар. Олардың әрқайсысы Ресейдің мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан қылқалам шеберлері. Сондықтан көрмеге қойылатын картиналар мен мүсіндердің жастарға берері мол. Сондай-ақ екі елдің суретшілерінің тәжірибе алмасып, бір-бірінің туындыларымен танысуына таптырмайтын мүмкіндік.