Кентау қаласы әкімінің орынбасары парамен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО-дағы департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Берік Қнатов әкімдікке есеп беруші ЖОО басшысынан 3,5 миллион теңге пара алған. «Бұл сома — өзіндік бір пара берудің түрі. Бұл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерге күрделі жөндеу өткізу үшін бөлінген қаржының берілген 15 пайызы», — делінген Ұлттық бюро департаментінің хабарламасында. Қазіргі уақытта шенеунік Түркістан қаласындағы уақытша қамау изоляторында.