Алдағы уақытта сотта істерді қарау кезінде «Бұйрық өндірісі» институты қолданылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді , деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Жиында Марат Ахметжанов аталған заң жобасындағы жаңалықтарға тоқталды.
«Заң жобасындағы тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институтты енгізіп жатырмыз. Жеңіл-желпі қылмыстарды қарау мерзімін азайтуды ұйғардық. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ еш дау көтермесе, ондай жағдайда «Бұйрық өндірісі» қолданылады», — деді ол.
ҚР Бас прокурорының орынбасары бұл институттың көмегімен уақыт үнемдеуге болады деген пікірде.
«Біз прокурор мен соттың істі қарау мерзімін азайттық. Енді прокурордың тексеру уақыты 3 тәуліктен 1 күнге қысқарады, сотта істі қарау 15 күннен 3 тәулікке дейін кемиді. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылықтарға тоқталсақ, олар құқықтық тұрғыдан қылмыстан бөлек санатқа жатады. Бұрын әкімшілік құқық бұзу санатына кіретін. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексерудің қажеті жоқ. Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс. Прокурор сотқа қатысып, өз қорытындысын береді. Жеңіл қылмыстар болса, сотқа тек қана прокурор арқылы барады», — деп түсіндірді Марат Ахметжанов.