Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Отырыста Марат Ахметжанов аталған заң жобасында істерді электронды форматта жүргізу қарастырылғанын мәлімдеді.
«Заң жобасына цифрландыруды енгіздік. Енді істерді электронды түрде жүргізуге болады. Бұл не үшін қажет? Цифрлы формат, ең алдымен, адамның құқығын қорғауды нығайтады. Өйткені барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы – сот пен прокурордың бақылауы артады. Енді істі жасыру, жалған құжат жасау деген болмайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын теріс пайдалану фактілері де азаяды. Бұл – цифрландырудың ең басты мақсаты», — деді Марат Ахметжанов.
Ол электронды формат саладағы жұмысты тиімді ететінін атап өтті.
«Электронды іс жүргізуге көшкен кезде біраз ұйымдастыру шаралары жойылады. Бір жапырақ қағаз алуға қазіргі тәртіпке сай үш тәулік кетеді, ал енді соның барлығын бір сағатта ұйымдастыруға болады. Бұл тергеушінің уақытын үнемдейді әрі аса ауыр қылмыстарға көбірек назар аударуға мүмкіндік беріледі», — деді Ахметжанов.
Бас прокурордың орынбасары Ішкі істер және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, пилоттық жоба іске асырылып жатқанын айтты.
«ІТ-жүйені прокуратурада жасадық. Бюджеттен ешқандай қаржы талап еткен жоқпыз. Бұл бағыттағы шаралар барлық қылмыстық процесті толық қамтиды, яғни қылмыстық тіркеуден бастап, сотқа дейінгі тергеуді және жазаның орындалу үдерісін ескереді», — деді Марат Ахметжанов.