Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов бір айға қарамағындағы қызметкерлерге қызметтік көлікпен жүруге тыйым салды.
Енді әкімдік қызметкерлері қоғамдық көлікпен жүруі қажет. Ал үнемделген қаржы орта және қатардағы қызметкерлерге сыйақы ретінде беріледі.
Жиналыста қала басшысы шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін бірнеше рет көтерілген. Алайда одан жағдай өзгермеген.
«Демек, біз жағдайды тиімді бақылап отырған жоқпыз. Сондықтан біз мәселені шешу тәсілін өзгертеміз», — деді Ғабидулла Әбдірахымов.
Қызметтік көлікті енді қала әкімі, оның орынбасарлары, бөлім басшылары, аудан әкімдері, олардың орынбасарлары әрі коммуналдық кәсіпорын және мекемелердің басшылары пайдалана алмайды.
Сонымен қатар Ғабидулла Әбдірахымов әкімдік басшыларына 1 апта ішінде жұмысқа қоғамдық көлікпен келуді тапсырды. Олар қоғамдық көліктегі тәртіп бұзушылықты өздері жеке бақылауы қажет. Әкімдік басшыларының ескертпелері мен жолаушылардың шағымдарын алдағы уақытта арнайы құрылатын комиссия қарайды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде өз міндетін атқара алмаған жолаушы тасымалдаушы компаниялармен бекітілген келісім-шарт бұзылады. Сондай-ақ, қоғамдық көліктегі жүру тәртібі бұзылған жағдай бойынша азаматтардан түскен хабарлардың есебінен жолаушы тасымалдаушы компаниялардың рейтингісі жасалады. Егер тұрғындар тарапынан компанияға шағым көп түссе, оның рейтингісі де төмен болады.
Сондай-ақ, Шымкенттегі барлық автобустарда қалалық жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев бейнеленген плакаттар пайда болады деп жоспарлануда.
Қала басшысы Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық көлік мәселесіне байланысты жиі шағым жасауға шақырды. Олар заң бұзылған жағдайда оны видео, фотоға түсіріп, call-орталықтағы 545-545 және WhatsApp желісінде +7 777 885 8513 нөмірлеріне хабарласа алады.
Сонымен қатар тұрғындар әкімдіктің Instagram және Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында шағымдарын қалдыра алады.
Дереккөз: baq.kz