Оңтүстікте биыл 34 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25,3 пайызға артып отыр. Әрбір екінші заң бұзушылық бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша тіркеледі екен. Айласын асырғандардың басым бөлігінің ісі ашылмай жабулы қазан жабулы күйінде қалуда. Мәселеге құзырлы орган мамандары әлсіздік танытып, арқаны кеңге салып жүр. Облыс прокуроры Ибраһим Иманов заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде осылай деп мәлімдеді. Соңғы бес жылда өңірде қылмыстың саны 4 есеге өсіп, шарықтап тұр. Олардың 92 пайызы жұмыссыздардың, 92,4 пайызы орта арнаулы және арнайы білімі бар жандардың ал, 3,7 пайызы жоғары білімі бар азаматтардың қатысуымен орын алуда. Ал, 2015 жылыдң 10 айдағы көрсеткіші бойынша 13 797 ұрлық қылмысы орын алған. Оның басым бөлігі әлі ашылмай отыр. Ұялы телефон, тұрғын үйдің мүлкі, ақша, мал ұрлау бойынша айласын асырушылардың пайдасына шешілуде. Үйлестіру кеңесінің мүшелері қылмыстың профилактикалық шараларын қолға алуды, оң нәтиже беретін тәжірибедегі игі істерді жүзеге асыруды жөн деп санайды. Мәселен көп кездесетін ұялы телефон ұрлығын азайту үшін байланыс операторларымен келісімге келіп, ұрлықы телефонның байланыс қабілетін сөндіру арқылы санын азайту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, оңтүстікте мал ұрлығы да толастар емес. Әсіресе қыс мезгілінде жамағаттың ұл- қызының несібесіне жинаған төрт түлігін жымқыратындар көп. Статистикалық мәлімет бойынша мал ұрлығының 55 пайызы қыс мезгілінде орын алады екен. Бұл қылмыстың көбеюіне себеп төрт түліктің өз жеке құжаты болуы тиіс. Жоғалған малды іздеу үшін ішкі істер департаментінің мамандары иесінен құжатты талап етуі керек, егер жоқ болса іздестіру жұмыстарын жүргізу өз нәтижесін бермейді. Сондықтан халықтың күн көрісінің көзі әр малдың құжаты, құлағына ені белгіленетін арнайы сырға салып тіркеуде тұрғаны жөн. Сонда ғана жоғалған дүниені іздеудің оң шешімі табылады дейді облыс прокуроры.Мал базарларындағы ретсіздікті жою, мал сою бекеттерінің іс әрекеті де назардан тыс қалмаған жөн. Төрт түлікке сырға тағып ен білгілеу, құжат дайындау арқылы оңтайластырса мал ұрлығын ашу көрсеткіші жоғарылап, жалпы, қылмыс төмендейді. Ал, жалпы қылмыстың орын алуы бойынша Шымкент көш басында. Яғни 66 пайызды құрап отыр. Өзгенің баспанасына жасырынып кіріп, дүние мүлкін ұрлау да жиілеп барады. Шымкент қаласында 3 281 пәтер ұрлау оқиғасы тіркелген. Әрине әр қылмыстың ашылу деңгейінің төмендігі тағы бар. Қылмыстың бетін ашу мақсатында жалпы саны облыста 360 бейнебақылау камералары орнатылған. Ол камералардың көмегімен 263 қана қылмыс әшкере болыпты. Бұл әрине аз көрсеткіш. Тағы айта кетерлігі, Созақ ауданында 22 қылмыс ашылса, Түркістан қаласында камера көмегімен белгілі болған қылмыс жоқ.Шымкентте орнатылған бейнебақылау камераларын бақылайтын 2 ғана инспектор жұмыс жасайды. Бұл жеткіліксіз. Екі қызметкердің камераны толықтай бақыламақ түгілі қарауға да мүмкіндігі жоқ екені жасырын емес. Осыны алға тартқан облыс прокуроры қазына қаржысынан қаржы бөлу мәселесін кеңес мүшелеріне жеткізді. Халық қалаулыларын бірге жұмыс жасауға шақырды. Үйлестіру кеңесі мәжілісінің қорытындысымен ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы органдарының ұрлық қылмысымен күресу, алдын алу жұмысындағы кемшіліктерді ескере отырып, оларды болдырмау бағытында атқарылу қажет іс-шаралар мен кеңес мүшелерінің тиімді үйлесімділігі талқыланды.
Еңлік Заманхан