Абайдың 45 қара сөздерінің тоғызы назарларыңызға…
ҮШІНШІ СӨЗ
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым — солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек — әр қазақтың ойы осы.
Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық.
Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.
Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание — тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді: Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі — қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.
ТӨРТІНШІ СӨЗ
Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.
Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де — бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі — өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.
БЕСІНШІ СӨЗ
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы — жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі — «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал — адамның бауыр еті», «Малдының беті — жарық, малсыздың беті — шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым — береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз — құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.
Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.
Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?
АЛТЫНШЫ СӨЗ
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды -тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік — ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
«Ырыс алды — тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың — пысық, ішің — нас,
Артын ойлап ұялмас, —
болып жүріп, тірімін деме,
онан да алла жіберген ақ
бұйрықты өлімнің өзі артық.
ЖЕТІНШІ СӨЗ
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?
Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» — дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу — болыс, біреу — би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? — деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім — ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны — бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ — солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр.
Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын?
Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ:
«Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді.
Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған
жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.
ОН БІРІНШІ СӨЗ
Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі — ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші — бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, к…н қыздырып алып, өзін бір ғана азық қылайын деп жүр.
Ұлықтар пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр. Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?
ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ СӨЗ
Адам ұғылы екі нәрседен: бірі — тән, бірі — жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби — оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы — жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы — жибили. Ақыл, ғылым — бұлар — кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол — жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.
Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол — көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын — бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» демек, «құдай тағала сеніменен мені бірдей жаратып па?» демек — құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл — ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ.
Кейбіреулер айтады: «Ақыл жибили болмаса да, талап — жибили. Талап берген адам ақылды тапты, талабы жоқ кісі таба алмады», -дейді. О да бекер. Талап балада да бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой, қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатыменен адам хасил кылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: «ал, мен жоғалдым» деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.
Жан қуаты дейтұғын қуат — бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып, ішке салғанын, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.
Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар, соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты.
Біреуі орысша «подвижной элемент» деп аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «Әй, әттеген-ай. Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.
Біреуін орысша «сила притягательная однородного» дейді. Ол — бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды.
Үшіншісі, орысша «впечатлительность сердца» дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық — бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.
Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сырттан сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң — айрыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса — жарамайды. Өлшеуін білмек — бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.
«Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген. Баз махфи олмая ол, мен айтқан үш қуаттың ішінде екеуі, яғни «сила притягательная однородного» бірлән «подвижной элемент» — бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғарғы айтылмыш секілді адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек. Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатыбірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат — екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар — бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма — құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше.
ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ
Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.
Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.