Елімізде ерікті донорлардың қатары жыл санап артып келеді. Ажалға ара тұрып, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін олардың 90%-ы қанды тегін тапсырады. Ал донор болуға ниетті азаматтарға мамандар қажетті жағдай жасауға барын салып жүр. Қазір қызмет сапасы да жоғары. Осының дәлелі болар отандық трансфузиологиялық орталық ТМД елдері бойынша ең озық медициналық орталықтардың үздік бестігіне енген. Еліміздегі 18 қан орталығы қан компоненттеріне деген сұранысты толық қанағаттандырып отыр. Қазақстанда жылына 300 мыңнан астам донация жасалып, 200 мың литр қан дайындалады. Зәуреш Әлменова, ҚР ДСӘДМ трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігер-трансфузиологы: — Дүниежүзілік ДСҰ көрсеткіші бойынша 1000 адамға шаққанда 25 донорды құрау керек. Қазақстанда 1000 адамға шаққанда 18 донорды құрап отыр. Өз еркімен тапсырған донорлар өздерінің ауруларын жасырмайды. Ол кісілерден алынған қан қауіпсіз болып саналады.