Тұрғын үй, цифрландыру, абаттандыру, жылу жүйесін жаңғырту және өндірісті дамыту бағыттарындағы жұмыстардың барысы сараланды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Сапар барысында тұрғын үймен қамту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және өндіріс орындарын дамыту мәселелері қамтылды.
Жұмыс сапары аясында 30 отбасыға жаңа жалдамалы және кредиттік пәтерлердің кілті табысталды. Қайтпас және Асар-2 шағынаудандарындағы тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары арқылы берілді.
Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Бұл – әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Баспаналы болу – отбасының әлеуметтік тұрақтылығына ғана емес, оның болашаққа деген сеніміне де әсер ететін маңызды фактор. Қала әкімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевпен бірге жаңа AI-кеңсенің ашылуына қатысты.
Заманауи кеңседе тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға, цифрлық сервистерді пайдалануға және қажетті кеңес алуға мүмкіндік қарастырылған. Мұнда цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту алаңдары да жұмыс істейді.
Кеңседегі жаңа шешімдердің бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе паспорт рәсімдеу қызметін өз бетінше пайдалана алады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың цифрлық технологияларды күнделікті өмірде тиімді қолдануына жол ашады.
Қала әкімі цифрлық технологияларды енгізудегі басты мақсат – тұрғындарға қолайлы әрі түсінікті қызмет көрсету екенін атап өтті. Яғни цифрландыру тек технологиялық жаңарумен шектелмей, азаматтың уақытын үнемдеуге және мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге бағытталуы қажет. Сапар барысында Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары да назарға алынды. Интернационал көшесінен Дулатов көшесіне дейінгі 4,7 шақырым аумақта ауқымды абаттандыру жүргізу жоспарланған.
Жоба аясында екі шомылу аймағын, төрт балалар алаңын және жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру, орындықтар мен жарықтандыру шамдарын орнату көзделген. Қала үшін Қошқар ата өзенінің табиғи және тарихи маңызы ерекше. Сондықтан жағалауды абаттандыру тек тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай қалыптастырумен шектелмей, қаланың қоғамдық кеңістіктерін тиімді пайдалануына да мүмкіндік береді.
Әл-Фараби және Тұран аудандарында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қаралды. Жоба алты учаскені қамтиды. Оның екеуін биыл жаңарту жоспарланған. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту – алдағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осыған байланысты қала әкімі тиісті сала басшыларына жұмыстарды белгіленген мерзімде жүргізіп, барлық нысанды жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында «Шымкент сыра» ЖШС кәсіпорнының қызметі де назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпорында 694 жұмыс орны құрылған. Өндірістік қуаты жылына 197,8 млн литрге дейін сыра және 130 млн литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндірісті технологиялық жаңғыртуы, жаңа өндірістік мүмкіндіктерді пайдалану және өткізу нарықтарын кеңейту мәселелері талқыланды.
Қала басшысы өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі жергілікті экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімдерінің артуына ықпал ететінін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында қосымша қолдау шараларын қарастыруды тапсырды. Шымкенттегі аталған жобалардың әрқайсысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты бір бағытын қамтиды. Бір жағынан, тұрғындар жаңа баспанамен қамтамасыз етілсе, екінші жағынан, цифрлық қызметтер қолжетімді болып, қоғамдық кеңістіктер жаңарып, инженерлік желілер жаңғыртылуда. Ал өндіріс орындарының дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осының барлығы қала инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың маңызын көрсетеді. Шымкенттің қазіргі даму кезеңінде негізгі басымдықтардың бірі – жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, олардың нақты нәтижесін қала тұрғындары сезінуіне жағдай жасау.












