Close Menu
"Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    Facebook Instagram YouTube Telegram TikTok Threads WhatsApp
    • Біз туралы
    • Жарнама
    • Байланыс
    Facebook YouTube Instagram Telegram TikTok Threads WhatsApp
    "Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
      • Саясат
      • Қоғам
      • Экономика
      • Мәдениет
      • Әлеумет
      • Тарих
      • Боздақтар
      • Спорт
      • Денсаулық
    • Жобалар
    • Сұхбат
    • Айғақ media
      • Фотогалерея
      • Бейнематериалдар
    • Аймақтар
      • Шымкент
      • Түркістан
      • МӘДЕНИ АСТАНА
    live
    • Біз туралы
    • Жарнама
    • Байланыс
    "Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    Facebook Instagram YouTube Telegram TikTok Threads WhatsApp
    Home»Жаңалықтар»ШЫМКЕНТ – СПОРТТЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЛАСЫ
    Жаңалықтар

    ШЫМКЕНТ – СПОРТТЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЛАСЫ

    Айғақ медиаАйғақ медиа26.11.20261 Views

    Шымкентте дене шынықтыру мен спортты дамыту, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау және кәсіби спорттың әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұқаралық спортты қолдау, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, заманауи спорт нысандарын салу және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлау – саланың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, ұлт денсаулығын нығайту және өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі.

    Бүгінде қаладағы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Оларда спорттың 65 түрі дамытылып, оқу-жаттығу процесіне 1121 жаттықтырушы тартылған. Оның 795-і штаттық негізде қызмет атқарады. Ал спорт мекемелерінде 18 242 адам тұрақты түрде жаттығады. Дамытылатын 37 басым спорт түрінің қатарында 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі бар.

    2026 жылы дене шынықтыру және спорт саласына жергілікті бюджеттен 21,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға 319 млн теңге бөлінді. Жылдық жоспарға енгізілген 54 іс-шараның 35-і өткізіліп, қалған 19-ы жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.

    Бұқаралық спортты күнделікті өмір салтына айналдыру мақсатында қаланың 13 саябағы мен аллеясында таңғы жаттығулар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстарға 31 спорт нұсқаушысы бекітілген. Сонымен қатар, әр сенбі сайын тұрғындар арасында велошерулер өткізіліп, қыс мезгілінде қаланың үш аумағында мұз айдындары орнатылды. Нәтижесінде 400 мыңға жуық тұрғынның коньки тебуіне мүмкіндік жасалды.

    Балалар мен жасөспірімдер спортына да айрықша көңіл бөлінуде. «Аула чемпионаты» жобасы қаланың бес ауданындағы 140 спорт алаңшасында ұйымдастырылып, футбол, баскетбол, асық ату, ләңгі тебу және өзге де ұлттық әрі бұқаралық спорт түрлерін қамтыды. Ал «Шымкент жастар лигасы» аясында 147 мектептен 5 мыңнан астам оқушы спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынады.

    Қала спортшылары республикалық бұқаралық жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, VIII Халық ойындарында екінші орын, мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадада жетінші орын, спорт мекемелері қызметкерлері арасындағы жарыста екінші орын иеленсе, медицина қызметкерлері арасындағы спартакиадада бірінші орынға қол жеткізді.

    Спорт саласының дамуы ең алдымен тиісті инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Осы бағытта Шымкентте тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы 877 спорт нысаны бар. Оның 589-ы дене шынықтыру-спорт бағытындағы нысандар болса, 253-і білім беру ұйымдарына, 35-і спорт мектептеріне тиесілі. Қолданыстағы нысандардың қатарында 184 жекеменшік спорт нысаны да бар.

    2026 жылы спорттық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында екі жаңа нысанның құрылысын жоспарлау көзделген. Оның бірі – Қаратау ауданының Тұран шағынауданында салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілер есебінен әзірленген нысанға 2,4 гектар жер қарастырылған. Екінші жоба Базар қақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысанын салуды қамтиды. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы да дайындалған.

    Бұдан бөлек, биыл екі ірі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар – Қаратау ауданының Тұран-2 шағынауданында бой көтеріп жатқан 60 мың көрерменге арналған жаңа стадион және Тұран шағынауданындағы паралимпиадалық әрі сурдлимпиадалық спорт кешені.

    Қолданыстағы спорт нысандарының жағдайын жақсарту да назардан тыс қалған емес. Биыл «Мұз сарайы» мен Локомотив стадионында, Шаумян көшесіндегі футбол алаңшасында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты мен Орталық су спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

    Қаланың шеткі аумақтарындағы тұрғындарды да спорт инфрақұрылымымен қамту үшін бірқатар жер телімі заңдастырылды. Атап айтқанда, Ақтас тұрғын алабынан 0,32 гектар, Ақтас-2 тұрғын алабынан 2 гектар, Бадам-2 тұрғын алабынан 0,70 гектар, Көкбұлақ тұрғын алабынан 0,64 гектар және Қызылжар шағынауданынан 1,9 гектар жер телімі қарастырылған. Аталған аумақтарда алдағы уақытта спорт нысандарын салу жөнінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен қалалық құрылыс басқармасына ұсыныстар жолданған.

    Жыл басынан бері қалада алты спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Соның ішінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС демеушілігімен Еңбекші ауданының Қарабастау және Бадам-2 шағынаудандарында екі жылдам құрастырмалы спорт нысаны ашылды. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Қайнарбұлақ тұрғын алабында тағы бір спорт нысаны пайдалануға берілді.

    Зияткерлік спортты дамыту мақсатында да нақты қадамдар жасалуда. Қала тұрғындарының шахматқа деген қызығушылығын арттыру үшін үш жаңа орталық ашылды. Олар Тұран ауданындағы «Абай» және «Металлург» саябақтарында, сондай-ақ Әл-Фараби ауданындағы 17-шағынаудан аллеясында орналасқан.

    Алдағы бес жылда Шымкенттің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, спорт саласында жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын 12 нысан салу жоспарланған. Бұл жобалар қаланың әр ауданында спортпен айналысуға мүмкіндік беретін қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған.

    Бірінші бағыт бойынша құны 20 млрд теңгені құрайтын төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Олар Шымсити, Шаңырақ, Қазығұрт және Сәуле шағынаудандарында орналасады. Әр кешеннің жоспарлы өткізу қабілеті ауысымына 1500 адамды құрайды. Шымсити шағынауданындағы кешенге 2,9 гектар, Шаңырақтағы нысанға 4,2 гектар жер бөлінген. Әр жобаның құны 5 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

    Екінші бағыт аясында жалпы құны 7 млрд теңге болатын жеті спорт кешені салынады. Олардың қатарында Тоғыс, Жаңаталап, Нұртас, Қарабастау және Ақжар тұрғын алаптарындағы мәдениет үйі, кітапхана және спорт кешендері, сондай-ақ Мәртөбе мен Ақжайық шағынаудандарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Әр нысанның жоспарлы құны – 1 млрд теңге. Кешендердің жобалық өткізу қабілеті орналасқан аумағына қарай ауысымына 500-ден 1500 адамға дейін жетеді.

    Үшінші бағыт – инклюзивті спортты дамыту. Осы мақсатта Қызылжар шағынауданында «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен арнайы спорт орталығын салу көзделген. Жобаның құны 3 млрд теңгені құрайды. 1,9 гектар аумақты қамтитын орталық ауысымына 1000 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен жүйелі айналысуына және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайды.

    Бұқаралық спортпен қатар, жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың тоғыз айында Шымкент спортшылары республикалық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

    Қазақстан чемпионаттарында қала спортшылары 568 алтын, 560 күміс және 602 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 1730 жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан кубоктарында 49 алтын, 46 күміс және 33 қола медаль иеленді.

    Азия чемпионаттарында шымкенттік спортшылар 42 алтын, 55 күміс және 32 қола медаль жеңіп алса, Азия кубоктарында 14 алтын, 12 күміс және 5 қола жүлде еншіледі. Ал әлем чемпионаттарында 16 алтын, 12 күміс және 10 қола медальға қол жеткізді. Әлем кубоктарында да табысты өнер көрсетіп, 28 алтын, 22 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.

    Спортшыларды даярлау ісінде білікті мамандар мен кәсіби резервтің қалыптасуы маңызды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қалада үш Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, екі еңбек сіңірген спорт шебері, 28 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 110 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 678 спорт шеберіне үміткер дайындалды.

    Бүгінде ұлттық құраманың ересектер сапында Шымкенттен 449 спортшы, жастар құрамасында 415, жасөспірімдер құрамасында 389 спортшы өнер көрсетеді. Жалпы 1253 шымкенттік спортшы ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғауда.

    Халықаралық жарыстарда да қала спортшыларының жетістіктері аз емес. 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындарына фристайл-акробатикадан Шымкенттің төрт спортшысы қатысты. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының рейтингі бойынша Асан Асылхан 16-орын, Хаширбаев Шерзод 20-орын, Райымқұлов Дінмұхаммед 18-орын, Жолдас Аяна 17-орын иеленді.

    11–22 қаңтар аралығында Катар астанасы Дохада өткен стенд атудан Азия чемпионатында қала спортшылары бес алтын, төрт күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Ал 1–14 ақпан күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында ұйымдастырылған нысана көздеуден Азия чемпионатында алты алтын, екі күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізді.

    Аталған жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері София Шульженко ерекше нәтиже көрсетті. Ол финалдық сайыста 358,2 ұпай жинап, нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасындағы әлемдік және Азия рекордтарын жаңартты.

    9–17 наурыз аралығында Италияның Рим қаласында каратэ WKF спорт түрінен өткен «Премьер Лига» рейтингтік халықаралық турнирінде Шымкент спортшысы София Берульцева жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Бұл жарыс Азия ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.

    Ал 26 ақпан – 2 наурыз аралығында Албанияның Тирана қаласында грек-рим күресінен өткен «Muhamet Malo» халықаралық рейтингтік турнирінде Мейіржан Шермаханбет жеңімпаз атанса, Ернұр Фидаметов қола жүлдені еншіледі.

    Ұлттық спорт түрлерінен де шымкенттік спортшылар халықаралық аренада лайықты өнер көрсетті. 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қала өкілдері бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Көк бөріден Нұрислам Төлеп пен Әзірет Сайдулла күміс медаль иеленді. Аударыспақтан 80 келі салмақта Расул Құрайыш екінші орынға тұрақтады. Асық атудан Нұржігіт Ануарбекұлы, алыш күресінен 100 келіден жоғары салмақта Нұрсұлтан Қожагелді қола жүлдегер атанды. Қазақ күресінен 82 келі салмақта Нұрдәулет Бақтыбайұлы күміс медаль жеңіп алды.

    19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Жапонияның Айчи-Нагоя қаласында өткен ХХ жазғы Азия ойындары да шымкенттік спортшылар үшін табысты болды. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі додаға 45 мемлекеттен спортшылар қатысып, жарыс 43 спорт түрі бойынша өтті. Қазақстан құрамасы сапында 35 спорт түрінен 568 спортшы бақ сынады. Шымкент қаласынан 21 спорт түрі бойынша 53 спортшы ел намысын қорғады.

    Жарыс қорытындысында шымкенттік спортшылар екі алтын, үш күміс және он қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені бокс пен каратэ спортшылары иеленді. Күміс медаль стенд атудан, ауыр атлетика мен дзюдодан бұйырды. Қола жүлделер байдарка мен каноэде есу, нысана көздеу, семсерлесу, грек-рим және еркін күрес, сондай-ақ бокс пен стенд атудан жеңіп алынды.

    Параспорт бағытында да жетістіктер бар. V Пара Азия ойындарына спорттың үш түрінен сегіз шымкенттік спортшы қатысты. Оның ішінде пара дзюдодан бір, пара садақ атудан төрт, пара жүзуден үш спортшы бақ сынады. Нәтижесінде қала өкілдері бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.

    Спорт саласындағы жұмыстар тек жарыстар мен инфрақұрылымды дамытумен шектелмейді. Спортшылар мен жаттықтырушылар арасында салауатты дүниетанымды қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу да маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

    Осы мақсатта 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы аясында Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Дін істері басқармасымен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде. Спорт мекемелерінде 297 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 17 761-ге жуық спортшы, жаттықтырушы және қызметкер қамтылды. Сонымен қатар, ата-аналардың өтініштері негізінде теолог мамандардың қатысуымен жеке кездесулер өткізілді.

    Дін істері басқармасының мәліметіне сәйкес, спорт саласында деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен алты спортшы мен үш жаттықтырушы анықталған. Олардың бір бөлігі спорттық қызметін тоқтатса, қалғандарымен теолог мамандардың қатысуымен оңалту жұмыстары жүргізілуде.

    Әлеуметтік желілердегі ақпараттық кеңістікке де тұрақты мониторинг жасалады. 390 спортшы мен жаттықтырушының Instagram және TikTok парақшаларын зерделеу барысында радикалды діни топтардың парақшаларына тіркелген 52 азамат анықталған. Оның 50-імен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, күмәнді парақшалардан шығуына ықпал жасалды. Қалған екі азамат теолог мамандардың бақылауына алынған.

    Бұдан бөлек, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған төрт бейнеролик әлеуметтік желілерде жарияланды. «Спорт және зайырлы қоғам: қауіпсіздік пен жауапкершілік» тақырыбында өткен арнайы іс-шараға 600-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен сала мамандарының діни сауаттылығын арттыруға арналған оқыту курстары ұйымдастырылды.

    Жалпы, Шымкентте спорт саласын дамыту жұмыстары бірнеше бағытта қатар өрбіп келеді. Бір жағынан, бұқаралық спортқа тартылатын тұрғындар саны артып, балалар мен жасөспірімдерге арналған жобалар кеңейсе, екінші жағынан, заманауи спорт нысандары салынып, кәсіби спортшылардың халықаралық деңгейдегі нәтижелері жақсарып келеді. Алдағы жылдары жоспарланған 12 ірі нысанның іске асуы қала тұрғындары үшін спорттық мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, Шымкенттің спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.

    Share. Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link
    Айғақ медиа

    Related Posts

    ӘЛЕМ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ ШЫМКЕНТТЕ БАС ҚОСТЫ

    26.11.2026

    ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

    26.11.2026

    РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨКПАР ТУРНИРІ ӨТТІ

    26.11.2026
    Leave A Reply Cancel Reply

    ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ
    ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ —
    ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ

    Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

    БАЙЛАНЫС

    Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Ғ.Iляев көшесi, №29 үй
    E-mail: aigak@mail.ru
    Телефон: +77014416666

    Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде 2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 — ИА куәлігі берілген.

    Facebook Instagram Telegram YouTube TikTok Threads WhatsApp
    © 2015- 2026 . «Айғақ» ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.