Енді Шымкент оқушылары мен студенттеріне халықаралық білім беру ұйымдарымен тікелей байланыс орнатып, шетелде білім алу мүмкіндіктерімен танысуға жол ашылды. Қалада халықаралық білім беру бағытында жұмыс істейтін Crystal Study компаниясының жаңа кеңсесі ашылды. Салтанатты шараға әлемнің 19 елінен 160-тан астам университет пен білім беру ұйымының өкілдері қатысып, өздерінің оқу бағдарламаларын таныстырды.
Жаңа кеңсенің ашылу салтанатында қызыл лента қиылып, қатысушылар ақжарма тілектер айтты. Жиында орталықтың алдағы жоспарлары мен халықаралық білім беру саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Басты мақсат – Шымкент пен еліміздің оңтүстік өңіріндегі жастардың шетелде сапалы білім алуына жол ашып, таңдау мүмкіндігін кеңейту. Осы бағытта көрмеге Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Канада және өзге де мемлекеттердің жетекші оқу орындары қатысты.
Жиында білім беру бағдарламаларымен қатар, талапкерлер үшін маңызды мәселелер де қамтылған. Атап айтқанда, білім гранттары мен шәкіртақылар, оқу ақысы, жатақхана және қабылдау талаптары бойынша жеке кеңестер ұсынылады. Бұдан бөлек, IELTS, TOEFL, SAT халықаралық емтихандарына дайындық, құжат рәсімдеу мен виза алу тәртібі түсіндіріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келушілерге білім беру қызметтеріне 40 пайызға дейін жеңілдіктер де қарастырылған.
Crystal Study компаниясы 2013 жылдан бері халықаралық білім беру бағытында жұмыс істеп келеді. Компания шетелдік мектептер мен университеттерге түсуге көмектесіп, тілдік бағдарламалар мен білім беру сапарларын ұйымдастырады. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар өңір жастарының білім көкжиегін кеңейтіп, халықаралық оқу орындарымен байланысты нығайтуға ықпал етеді деп сенеді.