Шетелде білім алып, халықаралық деңгейде біліктілігін шыңдауды қалайтын жастар үшін шымкентте жаңа мүмкіндік ұсынылды. Қалада «Шетелде білім алу» халықаралық көрмесі ұйымдастырылып, 19 елдің 160-тан астам университет пен білім беру орталығының өкілдері бас қосты. Жиынға келген оқушылар мен студенттер әлемнің жетекші оқу орындарының бағдарламаларымен танысып, қабылдау талаптары, гранттар мен шәкіртақылар жөнінде тікелей ақпарат алды.
Көрме барысында Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия және өзге де мемлекеттердің білім беру жүйесі таныстырылды. Қатысушылар бакалавриат, магистратура, тілдік курстар мен дайындық бағдарламалары туралы мәлімет алды. Сондай-ақ халықаралық емтихандарға әзірлік, құжат тапсыру және виза рәсімдеу тәртібі түсіндірілді. Ең бастысы, келушілер шетелдік университет өкілдерімен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Көрмеге келген мектеп оқушыларының легі көп. Олардың бірі – Толқын Исалиева. Ол болашақта Оңтүстік Кореяда білім алуды мақсат етеді. Жас талапкердің айтуынша, мұндай көрмелер шетелдік оқу орындарын жақынырақ танып, армандаған мамандығы мен университетін таңдауға көмектеседі. Әсіресе қабылдау талаптары мен білім алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты бір жерден алу оқушылар үшін өте тиімді.
Халықаралық білім беру көрмесінің негізгі мақсаты – өңір жастарына әлемдік білім кеңістігінің есігін ашып, сапалы білім алуға бағыт-бағдар беру. Мұндай кездесулер талапкерлердің таңдау мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал етеді. Білімге ұмтылған жас үшін шекара жоқ. Ал бүгінгі мүмкіндік – ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы.