Шымкентте ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, көкпар өнерін ұлықтауға арналған республикалық турнир өтті. Дүбірлі дода қазақ көкпарының дамуына үлес қосқан Шәмшидин Жарқынбекұлының 75 жылдығына арнап ұйымдастырылған. Жарысқа еліміздің әр өңірінен командалар қатысып, бәйгеде топ жаруға тырысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңгені құрайды.
Шымкенттегі ат дүбірі мен тақым тартысқа толы жарыс үш күнге жоспарланған. Турнирге 18 жастан асқан спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Қатысушылар жеребе арқылы екі топқа бөлініп, алғашқы кезеңде айналымдық жүйе бойынша бақ сынайды. Әр кездесуде шабандоздардың шеберлігі, аттарының дайындығы мен командалық үйлесімі сынға түседі.
Жарыстың ресми ашылу салтанаты өтті. Жиын ән ұраннан басталып, арнайы құтықтау сөзбен жалғасты. Турнирде үздік командалар ғана емес, жекелей шеберлігімен ерекшеленген шабандоздар да арнайы марапатталады. Бірінші орын алған командаға 5 миллион теңге беріледі. Сондай ақ ұлттық спортты дәріптеген жиында «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат» және «Үздік ойыншы» номинацияларының әрқайсысына 300 мың теңгеден арнайы жүлде қарастырылған.
Шәмшидин Жарқынбекұлының 75 жылдығына арналған республикалық турнир – ұлттық спортты ұлықтап, көкпар дәстүрін жаңа буынға дәріптеудің маңызды алаңы. Дүбірлі додада еліміздің үздік көкпаршылары өзара бақ сынап, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлайды.