Әйелге мүмкіндік беру — оның арманына қанат бітіріп, тұтас қоғамның дамуына серпін береді.Нәзік жандылардың бойындағы осы әлеуетті қолдап, жаңа қадамдарға жол ашу мақсатында шаһарда «Күзгі шабыт – Жаңа мүмкіндіктер» атты іс-шара өтті. Мұнда ұлттық қолөнер мен кәсіпкерлік тоғысып, әйелдердің тың идеялары мен еңбектері көпшілікке ұсынылды. Жиын аясында 30ға жуық кәсіпкер жәрмеңкеге өз өнімдерін шығарып, көпшілік назарына ұсынды. Мұндағы қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы заттар, әшекейлер мен кондитерлік өнімдер — әйелдердің еңбегі мен шығармашылық ізденісінің көрінісі.Шараның негізгі мақсаты — әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жаңа бастамаларына қолдау көрсету. Мұнда қатысушылар кәсіпкерлікті қаржыландыру, гранттар мен жұмыспен қамту мәселелері бойынша тиісті мамандардан кеңес алды.
Жәрмеңкеге қатысушылардың қатарында қолөнерді жанына серік еткен зейнеткер ана да бар. Ол соңғы екі жылдан бері қазақы нақыштағы тақиялар, киізден жасалған сөмкелер мен авторлық бас киімдер тігіп келеді. Сәлима апа әр бұйымға ұлттық өнердің өрнегін енгізіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жан.Қорыта айтқанда, ауқымды жиын әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашты. Мұндай бастамалар қыз-келіншектердің әлеуетін ашып, олардың қоғамның қозғаушы күшіне айналуына зор септігін тигізеді.










