Шымкентте 40 тұрғынның көптен күткен арманы орындалды. Әлеуметтік санаттағы азаматтарға арендалық тұрғын үйдің кілті табысталды. Жылдар бойы баспана кезегінде тұрған тұрғындар енді Бозарық шағын ауданындағы жаңа пәтерлерге қоныстанады.

Пәтер кілтін қала әкімі салтанатты түрде табыстап, қоныс иелерін құттықтады. Арендалық негізде берілген баспаналар көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және өзге де әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға үлестірілді.
Өз шаңырағының кілтін алып жатқан жандар жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап, баспана кезегін күткендерін айтады. Енді өз шаңырағына қол жеткізген тұрғындар бұл күнді көптен күткен қуаныш ретінде бағалап, жанарына жас алды.

Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда мегаполисте 96 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған байланысты қалада жаңа тұрғын үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, кезектегі азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда.










