Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар негізінде әзірленді.
Жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.
«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі мұқият ойластырылған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді жаңартып, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деді Конституциялық комиссия мүшесі. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында пысықталып жатыр. Мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Жобада ұсынылған жаңалықтар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.







