2026 жылдан бастап елімізде — сән-салтанат салығы енгізіледі. Яғни, құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автокөлік немесе яхта иелері үшін 2 пайыздық қосымша салық салынады. Сонымен қатар, мүліктік салық бойынша ескіру мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылып, жалпы төлеу уақыты 3 жыл болып сақталмақ.
Жаңа кодексте кәсіпкерлерге қатысты жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады. Енді қатаң шаралардың орнына цифрлық ескерту мен алдын ала хабарлама жүйесі енгізіледі. Енді салық төлеу рәсімдері оңтайландырылып, бизнес пен азаматтарға түсетін әкімшілік жүктеме азаяды. Бұл туралы баспасөз брифингте мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының орынбасары баяндады.
Жаңа кодекске сәйкес, декларация негізінде жеңілдетілген арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл режим табысы 600 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Жаңа жүйе есептілікті 30%-ға, ал салықтық төлемдерді 20%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – бизнестің дамуына және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған нақты қадам.
Жаңа Салық кодексі медицина мен білім беру салалары үшін де тиімді жағдай қарастырады. Бұл бағыттардағы ұйымдарға корпоративтік табыс салығы 5 пайызға дейін төмендемек. Сонымен бірге жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі — табыс мөлшеріне қарай 10 немесе 15 пайыздық мөлшерлеме есептеледі. Бұрынғы жеңілдіктер сақталып, туризм, баспа ісі және арнаулы әлеуметтік қызметтер бұрынғыдай салықтан босатылатыны айтылды.
Сонымен бірге, мобильді аударымдар бойынша жаңа талаптар енгізіледі. Енді жеке тұлғалар үш ай қатарынан 100 және одан да көп аударым жасаған жағдайда, олар туралы жеке хабарлама жолданады. Бұл шара кәсіпкерлік қызмет пен жеке аударым арасындағы шекараны нақты айқындау мақсатында жүзеге асады. Ал шағын және микро бизнес субъектілерін қолдау жалғасып, салықтық жеңілдіктер сақталады. Бұл өзгерістер экономиканың тұрақты дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.










