Балалардың жолда жүру қауіпсіздігі – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі соңғы уақытта кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жазатайым жағдайлар жиілеп отыр. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында елімізде дәстүрлі түрде «Абайлаңыз, балалар!» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Акцияның негізгі мақсаты – оқушылардың жолда жүру мәдениетін арттырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауына ықпал ету. Кезекті шара мегаполистегі №25 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.
Білім басқармасы мен полиция департаментінің бірлескен шарасы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияда өтті. Тәртіп сақшылары бастауыш сынып оқушыларының сынып сағатына қатысып, жол ережелерін сақтаудың өмір үшін маңызды екенін жеткізді. Сәйкесінше, сынып жетекшілер де бүлдіршіндерге түсінікті болуы үшін арнайы көрнекіліктерді қолдана отырып, жолда жүру ережелерін практикалық түрде көрсетті. Мұндай шаралар балалардың жауапкершілігін арттырады. Себебі қауіпсіздік ережесін бала ерте жастан бойына сіңірсе, келешекте жолда абай болуға дағдыланады.













