24 қазан — Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген Кітапханашылар күні. Осы мерекеге орай Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ерекше іс-шара өтті. Шараны университеттің Ақпараттық білім беру орталығы мен Тарих және педагогика факультетінің «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасы ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбегіне құрмет көрсету. Себебі кітапханашы – тек кітап сақтаушы ғана емес, ұлт руханиятын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, ізденуші мен білім іздеген жастарға бағыт беруші тұлға. Спикерлер кітапханашы мамандығының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Олар заманауи технология дамып жатқан кезеңде ақпаратты сұрыптау, ғылыми деректерді жүйелеу мен сақтаудағы кітапханашылардың маңызы артқанын айтты.
Мерекелік жиында ардагер мамандарға алғыс хаттар табысталды. Ал кітапхана ісі бағдарламасының студенттері мерекеге арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Ән айтылып, өлең оқылып, кітапхана қызметкерлеріне жылы лебіздер білдірілді. Іс-шара соңында Ақпараттық білім беру орталығының директоры ұйымдастыруға атсалысқан студенттер мен қызметкерлерге алғыс білдірді. Кітапханашы – көрінбейтін, бірақ қоғам дамуына зор үлес қосып жүрген маман. Білім мен парасаттың, ізденіс пен руханияттың ортасында жүрген бұл жандардың еңбегі – өлшеусіз. Олардың әрбір ізденісі, әрбір қызметі – ел болашағына қосылған үлес.











