Шымкентте ренновация бағдарламасы аясында қала келбеті жаңарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Бағдарлама бойынша ескі үйлердің орнына жаңа көпқабатты баспаналар салынып, азаматтарға кезегімен берілуде. Осы орайда Көксай елдімекенінде тағы 8 отбасы жаңа пәтердің иесі атанды. Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Нұрлыбаев көшесі №10 мекенжайындағы тұрғын үйде осыған дейін 8 отбасы тұрған. Оның төртеуі екі бөлмелі, қалған төртеуі үш бөлмелі пәтерді паналаған еді . Ал жаңа пәтерлер Тұран ауданы мен Шым Сити тұрғын алабындағы көпқабатты үйлерден берілді. Ренновация бағдарламасының басты мақсаты – қаладағы тозығы жеткен үйлерді жаңартып, тұрғындарға сапалы баспана ұсыну. Биылдың өзінде осы аудан тұрғындарына 74 пәтер берілген болатын. Ал енді табысталған 8 пәтермен бірге бұл көрсеткіш 82-ге жетті.
Қазіргі таңда аталмыш ауданда 23 үй, 217 пәтер бар. Ондағы тұрғындардың 40 пайызы жаңа пәтерге көшіп үлгерген. Алайда кейбір азаматтардың құжат мәселесі толық рәсімделмегендіктен, көшу процесі сәл кідірісіп отыр. Айта кету керек, ренновация бағдарламасы аясында тұрғындардан ешқандай қосымша төлем немесе үстемақы талап етілмейді. Барлық шығын мемлекет есебінен өтеледі. Қоныс иелері жаңа пәтердің кілтін алып, өз ризашылықтарын білдірді. Олар бұл бағдарламаның тұрғындар үшін үлкен қолдау екенін атап өтті. Ренновация – қала инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бағдарлама. Көксай елдімекеніндегі жаңа пәтер кілттерін табыстау — сол жұмыстардың нақты нәтижесі.