Шымкентте Дүниежүзілік туризм күні кең көлемде аталып өтті. Қаладағы «Shym Qala» тарихи-мәдени кешенінде ашық есік күні ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға көне шаһардың бай тарихы мен мәдени мұрасы жан-жақты таныстырылды. «Shym Qala» тарихи-мәдени кешені бүгінде Шымкенттің басты туристік нысандарының біріне айналды. Мұнда келушілер ежелгі қаланың тарихымен танысып қана қоймай, халықтың мәдениеті мен тұрмысынан мол мағлұмат алады. Бұл кешен қала тұрғындары үшін мақтаныш, ал қонақтар үшін ерекше әсер сыйлайтын орын болып отыр.
Іс-шара барысында келген меймандарға ежелгі қалашық аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары көрсетілді. Мамандар тарихи жәдігерлердің мәні мен маңызына тоқталып, әрбір табылған заттың қала тарихындағы орны жайлы түсіндірді. Сондай-ақ, қонақтар бірқатар жаңадан ашылған тарихи орындарды аралап, көне дәуірден сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады. Мерекелік жиынның басты мақсаты – шымкенттіктер мен қала қонақтарына өңірдің мәдениеті мен тарихын кеңінен насихаттап, туризмнің жаңа мүмкіндіктерін көрсету. Бұл бастама арқылы жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, ішкі туризмді дамыту көзделген.
Іс-шара аясында түрлі танымдық экскурсиялар, археологиялық таныстырылымдар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Қонақтар тарихи жәдігерлерді көрумен қатар, шежірелі шаһардың өткені мен бүгініне шынайы көз жеткізді. Дүниежүзілік туризм күніне арналған осындай шаралар Шымкенттің мәдени және туристік әлеуетін арттыруға серпін бермек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да мұндай жобалар жалғасын табады.