Шымкенттік депутаттар төсбелгісін шешіп, қолына күрек ұстап, тазалық акциясына қатысты. Оңтүстік арнайы экономикалық аймағында өткен сенбілікке «Бал-Карпет» кілем фабрикасының қызметкерлері де атсалысты. Ауқымды шара Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылды.
Әдетте аптаның әр сенбісінде мегаполис тұрғындары ауласын, жұмыс орнын, қала аумағын тазартуға шығады. Бұл жолғы сенбілік Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экоакциясымен үндесіп, халықаралық тазалық күніне тұспа-тұс келді. Мәслихат төрағасы бастаған депутаттар Бал-Карпет зауытының жұмысшыларымен бірге арнайы экономикалық аймақты қоқыстан тазартып, қолына күрек-кетпен ұстап, қураған шөптерді шапты. Президент әр Жолдауында елді тазалық мәдениетіне шақырып келе жатқанын да айта кеткен жөн.
«Бал-Карпет» – еліміздегі ірі отандық кілем өндіруші кәсіпорын. 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған фабрика экспортқа да өнім шығарады. Негізгі жұмысынан тыс, ұжым тазалық акцияларына да белсене қатысып келеді. Айта кетейік, кәсіпорынның негізін қалаған басшы – өзі де мәслихат депутаты. Ол бұл жолғы сенбіліктің өтуіне бастамашы болып, өндіріс ұжымын түгел қатыстырды. Экологияға қамқорлық пен ұжымдық жауапкершілікті қатар ұстанған кәсіпорын басшысы тазалық мәдениетін қалыптастыру әрбір азаматтың парызы екенін жеткізді.
Тазалық – әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналғанда ғана қоршаған орта да, қала да көркейе түспек. Шымкенттіктердің Дүниежүзілік тазалық күніне орай өткізген сенбілігі осыған айқын дәлел.