Елімізде 1 тамыздан бастап Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізіліп жатыр. Бұл аграрлық саладағы нақты статистиканы қалыптастырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың қай бағытта күшейтілуі қажет екенін айқындауға мүмкіндік береді. Бүгінде Шымкент қаласында мыңнан астам шаруа қожалығы онлайн санақтан өткен. Егер де санақтан өтпеген жағдайда ескерту жасалады, ал бірнеше рет ескертуден кейін де бас тартқан қожалықтарға заң аясында әкімшілік шара қолданылатын болады.
Ауыл шаруашылығы санағы – тек статистикалық шара емес, бұл – қала экономикасының бүгінгі жай-күйін зерделеп, ертеңгі күнге нақты жоспар құрудың негізі. Санау арқылы мамандар егістік жерлердің көлемін, мал басының санын, ауыл шаруашылығы техникасы мен еңбек ресурстарының ахуалын толық біле алады. Мұндай мәліметтер алдағы аграрлық саясатты тиімді құруға септігін тигізбек. Қазіргі таңда шаһарда бұл маңызды жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Статистика мамандары Шымкент қаласында орналасқан “Болашағы зор” деп аталатын шаруа қожалығында болып, жұмыс барысы мен алдағы жоспарларымен танысты. Шаруа қожалығының иесі Мақсат Лесбекұлының айтуынша, негізгі бағыттары – мал бордақылау екен. Қазіргі таңда шаруашылықта 800-ге жуық ірі қара, 1000-ға тарта қой және 200-300 шамасында жылқы бар. Жоспар бойынша алдағы қыркүйек айынан бастап бордақыға қойылатын мал саны артпақ.
Ауыл шаруашылығы санағы – кем кетікті түгендеу, болашаққа бағыт алу. Осыны ескере отырып, статистика мамандары ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырады.