Жыл соңына дейін еліміздегі талапқа сай модернизациядан өтпеген базарлар өз жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Министрлік өкілдері арнайы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, жаңғыртудан өткен және өтіп жатқан сауда орындарын аралап шықты. Шараның басты мақсаты – халыққа қолайлы әрі заманауи сауда инфрақұрылымын қалыптастыру. Министрліктің мәліметінше, 2025 жыл базарларды жаңғыртудың соңғы жылы болып белгіленген. Ал 2026 жылдан бастап талапқа сай келмеген сауда орындары қызметін жалғастыра алмайды. Бұл – тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саудагерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған шешім. Шымкенттегі ең ірі әрі тарихи сауда орындарының бірі – «Қырғы» базары. Қала тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін негізгі сауда орталығы саналатын бұл базар бүгінде кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтуде. Жаңғырту барысында базар аумағында санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту, өрт қауіпсіздігін күшейту, жарықтандыру мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, автотұрақ пен кіреберіс жолдары ретке келтіріліп, келушілер үшін барынша қолайлы орта жасалуда.
Кәсіпкерлердің айтуынша, модернизациядан кейін сауда алаңдары заманауи талаптарға сай болып, олардың жұмысына жаңа мүмкіндік береді. Бұл халыққа да, сатушыларға да ыңғайлы жағдай туғызбақ. Шымкенттің тағы бір ірі сауда орны – «Назым апа» базары да жаңғырту жұмыстарының ортасында. Қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғындар жиі келетін бұл базарда негізінен азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар саудаланады. Қазіргі таңда базар аумағында ескі орындардың орнына жаңа павильондар салынуда. Әсіресе санитарлық тазалық пен азық-түлік сақтау талаптарына ерекше көңіл бөлінген. Арнайы су және кәріз жүйесі жүргізіліп, саудагерлер үшін тоңазытқыш қоймалары қарастырылған. «Назым апа» базарының тағы бір ерекшелігі – мұнда шағын кәсіпкерлерге арналған қолжетімді орындар көп. Бұл өз кезегінде жергілікті өнім өндірушілердің саудасын жандандыруға жол ашады. Жаңғыртудан кейін базардың әлеуметтік маңызы артып, тұрғындардың қолжетімді бағада тауар алуына мүмкіндік жасалады. Сала мамандарының пікірінше, базарларды жаңғырту бағдарламасы – сауда мәдениетін арттыруға, көлеңкелі экономиканы азайтуға және шағын бизнесті қолдауға бағытталған маңызды бастама.