Шымкентте шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Сәуір айынан бері қала аумағында 155 рейд жүргізіліп, тұрғындарға ескерту жасалды. Қауіпсіздік талаптарын елемеген 4 азаматқа 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Құтқарушылар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін тұрғындарды тек арнайы белгіленген жерлерде шомылуға шақырады. Шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік басты назарда. Шымкент қаласында төтенше жағдайлар департаменті мен Еңбекші ауданының ТЖ басқармасы бірлесіп, арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Рейдке аудан әкімдігі, полиция басқармасы, Жастар ресурстық орталығының еріктілері және өрт сөндіру бөлімдерінің мобильді топтары да атсалысты. Мамандар тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жадынамалар үлестірді. Сондай-ақ, шомылуға арналмаған аумақтарда ескерту граффити белгілері салынды. Департаменттің мәліметінше, биыл қала аумағында тыйым салынған жерде 1 жазатайым оқиға тіркелген. Ал өткен жылы мұндай жағдайлардың саны 2-ні құраған. Барлық қайғылы оқиғалар ескертуге қарамастан, суға түсуге болмайтын аймақтарда болған. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамау қажеттігін ескертеді.