Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған тағылымды іс-шара Шымкент қаласында өтті. «Адал азамат» тақырыбында ұйымдастырылған ашық алаңға еліміздің жетекші тарихшы, әлеуметтанушы, дінтанушы, теолог және психолог мамандар шақырылды. Олар қала жастарына Абай мұрасының мәні мен бүгінгі қоғамдағы өзектілігі жайында кеңінен ой қозғады. Кездесу Абай саябағында басталды. Қатысушылар алдымен ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан кейін музейге кіріп, ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен және ұрпаққа қалдырған өсиеттерімен танысты. Шараның негізгі бөлігі — ашық алаң форматында өткен еркін пікір алмасу болды. Мамандар Абайдың қара сөздерінде айтылған адалдық, әділдік, білім мен ғылымға ұмтылу секілді қағидалардың бүгінгі жастар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Ал белсенді жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, ғалымдармен тікелей пікірлесу мүмкіндігіне ие болды. Жиынға қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, елжанды әрі адал азамат болып қалыптасуына үлкен серпін береді.