Жаңа оқу жылы – оқушылар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де үлкен жауапкершілік пен қуанышқа толы кезең. Осыған орай «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясының мүшелері «Баланы мектепке дайындайық» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Шара аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті жабдықтар үлестірілді. Игі бастаманың алғашқы кезеңінде 60 балаға кеңсе тауарларымен толықтырылған мектеп сөмкелері табыс етілді. Сонымен қатар тағы 40 оқушының қажетті құралдары үйлеріне жеткізіліп берілді. Ұйымдастырушылар тек оқу құралдарымен ғана шектелмей, балалардың жазғы демалысын көңілді өткізуіне де жағдай жасады. Оқушылар Play Park ойын-сауық орталығына тегін кіріп, Kinoplexx 9 City Mall кинотеатрында жаңа фильмді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы жаңа оқу жылы басталғанға дейін «AMANAT» партиясы 2000-ға жуық оқушыға оқу құралдары мен жаңа жабдықтар сыйлауды жоспарлап отыр. Бұл бастама партияның әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, балалардың білімге деген құштарлығын қолдауға бағытталған. Игі шараға қатысқан бүлдіршіндер мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Ал партия өкілдері мұндай қамқорлық алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табатынын айтады.