Көксай шағын ауданындағы 8 отбасы баспаналы болды. Конституция күні қарсаңында Нұрлыбаев көшесіндегі №3 апатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтер кілттері табысталды. Қуанышқа кенелген жұрт алғысын білдірсе, қала әкімі бұл — халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
Көксайда өзгеріс бар! Жаңғырту тұжырымдамасы аясында шағын аудандағы тозығы жеткен үйлер сүріліп, тұрғындар жаңаша әрленген пәтерлерге көшірілуде. Сондай-ақ қала әкімінің тапсырмасына сәйкес тұжырымдама аясында 66 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.Ал, кілт табысталғандарға жаңа үйлер «Тұран» және «ShymCity» шағынаудандарынан берілді.
Қоныс иелерінің қуанышында шек жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін олар тозығы жеткен, ескі үйлерде тұрып келген. Сондай-ақ тұрғындар жаңа үйлерінің бұрынғыға қарағанда кең әрі әлдеқайда жайлы екенін атап өтті. Ал, балабақша мен мектептің жақын орналасуы да көпшілікті қуантқан. Су жаңа пәтер иелері қолайлы жағдай жасалғаны үшін қала әкіміне алғыстарын жеткізді.