Қазақстан Республикасында жыл сайын балалар арасында 800-ден астам онкологиялық және гематологиялық аурулардың алғашқы жағдайы анықталады, олардың шамамен 600-і қатерлі ісіктерге, соның ішінде гемобластоздарға, ал 200-ге жуығы ауыр сипаттағы қатерсіз гематологиялық патологияларға тиесілі.

Соңғы 10 жыл ішінде балалар арасындағы қатерлі жаңа өскіндерге шалдығу деңгейі тұрақты сақталып отыр және 100 000 балаға шаққанда 9,7 жағдайды құрайды.

Қатерлі ісіктер құрылымы халықаралық деректермен ұқсас:
• жедел лейкоздар — 30%-дан астам,
• орталық жүйке жүйесінің ісіктері — шамамен 17%,
• лимфомалар мен нефробластомалар — 10–11%,
• нейробластомалар — шамамен 7%.

Иммунотерапия мен таргеттік терапияны қоса алғанда, заманауи емдеу әдістерін енгізудің нәтижесінде Қазақстанда балалар арасындағы қатерлі ісіктерден аман қалу көрсеткіші 70%-дан асады.

Соңғы 5 жылда 40-тан астам бала нейробластома, лимфома және лейкозды емдеуде моноклоналды антиденелерге негізделген инновациялық дәрілік препараттар алған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі