Ашықтық, қолжетімділік әрі халықпен өзара тығыз байланыс орталық атқарушы биліктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі қағидаттардың бірі болып саналады. Бұл бағытта ҚР Қаржы министрлігі ашық саясатты мақсатты түрде ұстанып, тың тәсілдерді қолдану арқылы қоғаммен байланысты нығайтып келеді. Айталық, сондай тиімді тетіктердің бірі ретінде – ҚР Қаржы министрі Мәди Такиевтің азаматтарды жеке мәселелері бойыншы қабылдауын айтуға болады.
Қаржы министрлігі қазақстандықтар көтерген бастамалар мен ұсыныстарды, сондай-ақ жеке өтініштерін мұқият талдайтындықтан ведомство басшысының қабылдауына Құжат айналымы департаментінің директоры, ҚР азаматтарының өтініштері басқармасының басшысы мен бірнеше қызметкер қатысқанын айта кетейік.
Осы жолы отандастарымыздың өтініштері мемлекеттік сатып алу мен шығармашылық бастамаларды қолдау мәселелеріне байланысты болды. Оның барысында қабылдауға жазылған барлық азаматқа көтерілген өтініштер бойынша тиісті заңға сай толыққанды әрі тұшымды жауап қайтарылды. Кейбір мәселелерге байланысты Мәди Төкешұлы министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшыларына қажетті тапсырмалар берді.
Бұл ретте ведомство қоғам тарапынан қолға алынған азаматтық бастамаларды қолдайтынын айта кеткен орынды. Өйткені қызмет ашықтығы азаматтардың, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлік қауымдастықтардың түрлі деңгейдегі шешімдерді әзірлеп, атсалысуларына жол ашады, сондай-ақ халықтың қажетті ақпаратпен қамтылуын арттырып, жүйелі диалог орнатуға септеседі.
Жеке қабылдауға алдын ала жазылу төмендегі сілтеме арқылы жүзеге асырылады: https://primeminister.kz/ru/government/reception-center