Енді мегаполисте ел намысын қорғайтын спортшылар көптеп шығады. Оған жергілікті билік қана емес жеке кәсіпкерлер де ат салысуда. Еламан шағын ауданында 1400 жасөспірімді спортпен қамтитын жаңа нысан ашылды.
Шымкент шаһарында ашылған жаңа нысан тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына, жас спортшыларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Салтанатты іс-шарада аудан ақсақалдарынан бөлек ел намысын қорғап жүрген атақты спортшылар да төбе көрсетті. Сондай-ақ, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы арнайы қатысып, кешеннің қызыл лентасын қиды.
Іс-шараға жиналғандар жаңа кешеннің әр бөлмесін аралап, қауқарын көрді. Нысан заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Әр спорт түрлеріне арналған залы, тіпті жүзу бассейні де бар. Одан бөлек жасөспірімдер баскетбол, футбол, бокс, дзюдо және воллейболмен шұғылдана алады.
Айта кетейік, жеке кәсіпкердің қаражатына салынған нысан 1400 жасөспірімді 10 спорт түрімен қамтуға қауқарлы.