Психикалық денсаулық күні Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасымен 1992 жылы бастау алған еді. Жыл сайын бұл мереке халықтың психикалық денсаулық проблемалары мен оны нығайту тәсілдері туралы хабардар болуы, сондай-ақ бұндай бұзылулардың алдын-алу және емдеу мақсатында атап өтіледі.
Психикалық денсаулық — бұл адам өз мүмкіндіктерін жүзеге асыратын, өмірлік қиындықтар мен күйзеліске тиімді қарсы тұратын, өнімді саналы қызметті жүзеге асыратын және қоғамның дамуына үлес қосатын психологиялық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы. Қазір әлемде ең көп таралған психикалық бұзылыс — депрессия. Депрессиялық жағдайдан туындаған одан да күрделі мәселе — өз-өзіне қол салу. Жыл сайын әлем бойынша 800 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды. Адамдардың басым бөлігі психикалық белсенді заттарды қолданумен байланысты психикалық бұзылыспен зардап шегеді.
Халыққа психиатриялық, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Амбулаториялық және стационарлық жағдайларда, сондай-ақ күндізгі стационар жағдайында психиатриялық көмек көрсету қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда қалада психиатриялық есепте тұратын науқастар саны — 12190 құрайды. Ал есепке алынбаған науқастар саны қаншама. Жалпы шаһарда психиатриялық есепте тұратын жастар саны – 2883, оның ішінде ерлер–1693, әйелдер – 1190.
Бұл салада профилактикалық сипаттағы шаралар кешені маңызды бағыт болып саналады. Жыл сайын психикалық аурулардың алдын алу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізіліп, емдеу-профилактикалық медициналық мекемелердің бірігуімен аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес әрбір тұрғын қарсы күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімі табылады.