Жыл сайын елімізде эко жасатуға 7 мың квота бөлінеді. Бұл мыңдаған адамға қуаныш сыйлап, ана мен әкеге бала сүю бақытын бұйыртады. Ғылымның жеткен жетістігі отбасын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі аясында шаһарда “Отбасылық құндылық” тақырыбы аясында кең көлемді жиын өтті. Шарада Қазақстанға алғаш “ЭКО” ғылымын алып келген маман Салтанат Байқошқарова болашақ дәрігерлер және жастар қауымына отбасының маңызын түсіндірді. Сәйкесінше жастар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Денеден тыс ұрықтандыру әдісі дүниежүзінде сәтті қолданысқа енгеніне биыл 33 жыл . Мұны алғаш рет 1978 жылы Англияда сол кездегі қатардағы ғалым-биолог, қазіргі таңда профессор Роберт Эдвардс ойлап тапқан. Шара барысында жастарды ұлттық құндылықтарды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі таңның өзекті мәселесі екені айтылды. “Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Рухани болмысымызды жоғалтпай, отбасы құндылығын ұмыт қалдырмауымыз керек”, — деді Салтанат Байқошқарова.
Ел арасында «Отан отбасынан басталады» деген қағида қай заманда да маңызын жойған емес. Отбасы — кез келген адам өмірінің ең маңызды бөлігі екені анық. Өйткені, ол белгілі бір әлеуметтік институт. Жиында жас буын өкілдеріне және болашақта отбасын құруды жоспарлап жүрген жастарға берік шаңырақ құрудың, сәби сүюге дайындықтың маңызды тұстары айтылды. Қазіргі уақытта «Экомед» клиникасы еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау мен Ақтау қалаларында ашылып, көптеген жандарға ата-ана бақытын сыйлауда. Іс-шарада жастар көкейтесті сұрақтарына жауап алып, ой пікірлерімен бөлісті. Жалпы отбасының маңызы туралы сөз қозғап, отбасы мүшелері бір-бірін құрметтеп, сыйлай білу керек екенін айтты. Айта кетейік аталмыш іс-шара Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен іске асырылды.