Экономика мен энергетика егіз ұғым. Энергетика дамымаса, сәйкесінше, экономикада да ілгерілеу болмайды. Ал, әлемдік ғалымдардың «алда энергия жетіспеушілі болады» деп дабыл қаға бастағаны кеше емес. Жаңа АЭС құрылысы күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Қауіпсіз әрі таза энергия көзі АЭС әлем елдері арасында танымал. Айталық, дүниежүзінде 31 елде 415 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда атом энергиясы әлемдегі электр энергиясының шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді. Бір мемлекет үшін бұл энергетикалық қауіпсіздік, енді бір ел үшін экологияны жақсарту жолы, тағы бір мемлекет оны экономикалық мақсатта қолданады. Мұндағы ең басты мақсат – энергетикалық тәуелділікті жою. Қауіпсіз қуат көзін өндіру. Атом электр станциялары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жылу энергия станцияларының 70% ескірген. Ал, 66% ЖЭС көмірқышқыл газын шығарады. Бұл экологияға өте зиян. Атом электр станциясын салудағы негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қауіпсіздігі. Ал, мамандардың айтуынша АЭС құрылысына бөлінген қаржының 40% қауіпсіздік шараларына жұмсалады екен. Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2 мыңға жуық жұмысшы мамандар қажет.Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданады, оның негізінде қажетті мамандар санын дайындау ұйымдастырылады. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік персоналының 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды. АЭС құрылысы экономикалық өсуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.