Отан – отбасынан басталады. Шаһарда “Мерейлі отбасы-2024” ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақтың салт-дәстүрін насихаттап отырған 20 отбасы сынға түсті. Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, жеңімпаздарды жеңісімен құттықтады.Шымкент қаласының 5 ауданынан қатысқан жандар – отбасылық құндылықты биік ұстаған жанұялар. Дәстүрлі шараға қатысу арқылы олар салт-сананың жаңғыруына, ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін берді. Бұл сайыс әр аудандағы отбасылардың бір-біріне деген сыйластығы, құрметі, көпке үлгі екені сөзсіз. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының негізгі мақсаты – отбасы мен некенің жағымды үлгісін халық арасында кеңінен насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
”Мерейлі отбасы” байқауында топ жарып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Сыдықовтар отбасы жеңімпаз атанып, Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Жанұя ақсақалының айтуынша, бұл жарысқа қатысу арқылы айрандай ұйып отырған отбасымыз ұлттық киімді, салт-дәстүрімізді ерекше құрмет тұтып, бала тәрбиесіне ерекше мән береді екен. Айта кетейік, “Мерейлі Отбасы” байқауы биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. Конкурсқа қаладан 183 отбасы өтінім тастап, іріктелген 20 отбасы ақтық сынға өткен. Мерекелік кештің соңы өнер жұлдыздарының әсем әнімен жалғасын тапты.