EQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласына 20 950 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш еліміздегі үшінші мегаполиске халықаралық туристік аренада сұраныстың артып келе жатқанының айқын дәлелі. Шымкентке ең көп турист – Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Қытайдан келген.
Атап айтқанда, биылғы алты айда Шымкентке Өзбекстаннан – 9 235, Ресей Федерациясынан – 3 286, ал Қытайдан 2360 турист саяхаттаған. Өңірде туристер санының артуымен қатар, біржолғы төсек-орындар саны да айтарлықтай ұлғайып келеді.
Мәселен, 2023 жылы төсек-орын саны 6058-ге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 542 орынға көп.
«Өңірдегі туристер санының өсуі туристік инфрақұрылымды жақсартуға және қонақтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған елеулі жұмыстардың нәтижесі. Біз Шымкентті Қазақстандағы және шетелдегі жетекші туристік бағыттардың біріне айналдыру үшін жұмыс істейміз», — деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.