Бұған дейін «Айғақ» телеарнасында бір емес, бірнеше рет көтерілген балалар темір жолы жаңа серуен аумағына айналып жатыр. А.Асқаров атындағы Дендросаябақ пен Қ.Мұңайтпасов стадионын байланыстырып тұрған балалар темір жолы енді демалыс орны. Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков жөндеу жұмыстарымен танысып, 6 шақырымды самокатпен жүріп өтті.
Жобаға сай екі станса орны кәсіпкерлерге беріліп, 120 адамдық сыйымдылығы бар заманауи кофеханалар ашылады. Жергілікті БАҚ өкілдеріне нысанның архитектурасы таныстырылды. Ал, ескі локомотив естелік ретінде сақталмақ. Жиында қала тұрғындары шаһар басшысына өтініштерін айтып, жасалып жатқан жұмыстарға алғыс білдірді.
Қаланы абаттандыру, дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдері арнайы самокатпен аралады. Екі станса аралығында 6 шақырымды құрайтын жол асфальтталып, жарық шамдар қойылған. Онда жүгіру және веложолдар, воркаут алаңдары бар. Балалар игілігіне қосымша ойын алаңшалары салынады. Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылған. Жаңа серуен аймағында тұрғындар қауіпсіздігі үшін көше қиылысына батырмалы бағдаршам қойылды. Ал, жол жөнекей кездескен тұрғындар шаһар басшысына ұсыныстарын айтып, қаланы көркейтуге баса назар аударғаны үшін ризашылығын білдірді.
Шаһар басшысы ескерілуі керек әрбір нүктелерге тоқтап, жұмысы аяқталмаған нысандар бойынша жауапты басшыларға міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта жолдың екі беті көгалдандырылып, орындықтар қойылады. Сонымен қатар, бейнекамералар орнатылып, тұрғындар қауіпсіздігі мен серуен аумағының тазалығы үшін турполиция тәулік бойы бақылау жүргізіп отырады.
Айта кетейік, нысан қала бюджеті қаражатынан емес, демеушілер есебінен жасалынып отыр.