«Zhuldyz Summer Cup» футбол турнирі аяқталды. 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы халықаралық бәсеке УЕФА футбол қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған еді. Оған шекаралас аумақтағы аяқдоп шеберлері және ел спортшылары қатысып, тәжірибе алмасты.
Мегаполисте қыздар арасында ұйымдастырылған халықаралық турнирдің соңғы кездесуі өтті. 19 жасқа дейінгі қыздар арасында ұйымдастырылған бәсекенің соңғы күнінде Өзбекстан және Қазақстан ұлттық құрамалары кездесіп, тәжірибе алмасты. Ойынның алғашқы бөлігінде қауіпті сәттер көп болғанымен есеп өзгеріссіз қалды. Ал, кездесу аяқталар тұста қос бірдей гол соғылып, екі ел есеп бойынша тең тарқасты.
Байрақты бәсеке Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен және UEFA Assist бағдарламасы аясында өтті. 5 күнге созылған бәсекеде Қазақстан, Қарғызстан, Өзбекстан құрамалары және шымкенттік «БИІК» футбол клубы шеберлік шыңдасты. Басты мақсат халықаралық ойын тәжірибесін арттыру және әйелдер футболын дамыту болып отыр.
Айта кетейік, бұл жолдастық турнир болғандықтан жарыста ұпай саны есептелмейді, жеңімпаз анықталмайды.