Бөкетов зерттеу университетінде «Ұлағат» қазақ тілін оқыту жобасы өз жұмысын бастады. Кастамону университетінен (Түркия) профессор, доктор, филолог-ғалым, Қазіргі түрік диалектері мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Орхан Сөйлемез бастаған бір топ магистрант, PhD докторант, бакалавриат шәкірттері Қарағандыға қазақ тілін жетілдіруге келді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
«Ұлағат» қазақ тілін оқыту бағдарламасы бауырлас екі ел мен екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайту, ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін шетелдіктерге насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ректор Нұрлан Дулатбеков аталмыш жобаны жүзеге асыру Бөкетов университетінің профессор-оқытушылар құрамына, PhD докторанттары мен магистранттарына түрік тілін үйренуге және Кастамону университетінің ғалымдарымен бірлескен ғылыми еңбектер жазуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Түрік университетінің студенттері үшін қазақ тілі курстары басталды. Алғашқы күні филология факультетінде ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар көрмесі және қолөнер бұйымдарынан шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында Қарқаралыдағы Бөкетов университетінің оқу-далалық базасына бару жоспарланған.
Бір апта көлемінде олар қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты түсініп, тұрмыстық жағдайда қолданылатын лексиканы меңгеріп, қазақша бейресми қарым-қатынас орната алатын дәрежеге жетеді деп күтілуде.