Шымкентте белгіленген қызмет мерзімін өтеген сарбаздарға құрмет көрсетілді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында жыл бойы қоғамдық тәртіпті күзеткен жауынгерлер отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, салтанатты түрде запасқа шығарылды. Сондай-ақ, іс-шара барысында әскери міндетін өтеу кезінде ерекше құлшыныспен және жауынгерлік даярлықтағы жоғарғы көрсеткіштерімен ерекшеленген 27 сарбазға тегін грант негізінде жоғарғы оқу орнына түскені туралы сертификаттар табыс етілді.
Қатардағы жауынгер Қалдыбаев Еркебұлан Тараз қаласының тумасы. Ол әскери қызметтік мерзімін абыроймен атқарды. Жауынгерлік даярлықта жоғарғы нәтиже көрсетіп, құлшынысымен көзге түсті. Енді Еркебұлан Қорғаныс министрлігінің ЖОО жасалған келісімшарт негізінде Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тегін білім алады.
Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, Тұран ауданы әкімдігі, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Сонымен қатар жиынға қатысушы 400 сарбаздың 27-сі ЖОО на тегін білім алу сертификатын иеленсе, қалған жауынгерлер әскери міндетін адал орындағаны, үлгілі әскери тәртібі және запасқа шығарылуына байланысты марапаттар табыс етілді.
Айта кетейік, бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда.