Еліміздің әр өңірінде халық заңгері акциясы өтіп жатыр. Кез келген тұрғын заңгер мен адвокаттардан құқықтық және жеке мәселесі бойынша тегін көмек ала алады. Мұндай шара Шымкент қаласында да өтіп, 60-тан астам құзырлы орган өкілі келушілердің толғандырған сұрақтарына жауап берді. Мәселені заң тұрғысынан қалай шешу керек екенін айтып, бағыт-бағдар көрсетті. Акцияға көптен бері шешілмей жүрген мәселесі бойынша, талай табалдырықты тоздырған 100-ден астам қала тұрғындары келді. Солардың бірі Элмира есімді азаматша. Ол сенім хатпен өзінің туған әпкесінің жер телімі мәселесі бойынша келген. Оның айтуынша, жер учаскесіне баз біреулер үй салып алған. 2009 жылдан бері бұл мәселенің жауабын есіктен есікке жүгіріп шеше алмаған шымкенттік тұрғын осы акция арқылы шешімін таптым дейді.
Қала тұрғындары бұл акцияға белсене қатысты. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те Арбат алаңында өткен акцияның жұмыс барысымен танысып қайтты. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл шараға көмекке жүгініп келушілердің мәселесі шешіледі деген ойдамыз.
Акцияның мақсаты- халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқарма басшылары бар. Бұл акциядан бөлек, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов, аптаның әр сәрсенбісінде өзінің тікелей қатысуымен және адвокаттармен бірге халыққа заңгерлік тегін кеңес береміз деді.
Айта кетейік, еліміз бойынша 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8000-нан астам үздік сарапшылар мен шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 165000-нан астам адам кеңес алған.