Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын еліміз су тасқынының зардабынан бірлесе жеңіп келеді. Бүгін Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері бірлесіп, петропавлдықтарға гуманитарлық көмек жөнелтті. 20 тонналық жүк көліктің ішінде тұрмыстық заттардан бастап, төсек-орын, азық-түлік пен құрылыс тауарлары бар.
Шымкент қаласында еліміздегі су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жинау науқаны әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бүгін салмағы 20 тонналық жүк көлігі Петропавл қаласына жөнелтілді. Бұл қайырымдылық шараны Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен жастар ресурстар орталығының ерікті жастары, студенттер белсене атсалысты. Жөнелтілген заттардың жалпы құны 20 миллион теңгені құрайды.
Тек материалдық жағынан ғана емес, сонымен қатар моральдық тұрғыда көмек көрсету үшін, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің психолог мамандары да Петропавл қаласына барып өңірлерде тұратын адамдарға көмек көрсетпекші.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өңіріміздің барлық тұрғындары зардап шеккен аймаққа барынша атсалысып, көмек көрсетуде.