Мақтаарал ауданының қырыққабат өсіретін шаруалары алғашқы өнімдерін жинай бастады. Дихандар егіс алқаптарына судың уақтылы және тұрақты берілгенін атап өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өзбекстандық әріптестерімен «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында елімізге 922 млн текше метр су беру туралы келісімге қол жеткізген болатын. Келіссөздер Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) отырысы аясында өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері қатысты.
Қырыққабат алқаптарын суару үшін Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының теңгеріміндегі К-20 каналы арқылы су жіберіледі.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында — 5 млрд текше метр су бар. Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Тоқтоғұл су қоймасына (Қырғызстан) 7,5 млрд текше метр су жиналды.
Айта кетейік, ауылшаруашылығы — Мақтаарал ауданының негізгі табыс көзінің бірі болып табылады. Дихандар қырыққабаттың алғашқы өнімін көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
«Биыл ерте өнім алудың ең басты себептерінің бірі — судың уақытылы келуінде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуының арқасында бұл мәселе ерекше бақылауға алынып, шаруаларға су ерте әрі уақытылы жеткізілді»,- деді Мақтаарал ауылдық округінің жер испекторы Темірлан Оразов.