ҚР Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шара барысында Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов мәдениет және өнер өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау ғасырларға ұласқан достықтың, ортақ мәдениеттің, дамып келе жатқан ынтымақтастықтың белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына бағытталған қадам ретінде қарастырылуы керек екенін сөз етті.
Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстан Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, көрнекті ақын, дипломат, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы бұрынғы елшісі Мұхтар Шаханов «Данакер» орденімен марапатталды. Ал «Достук» ордені публицист, әдебиеттанушы, журналист, киносыншы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Сауытбек Әбдірахмановқа, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековке және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы, ректор Жансейт Түймебаевқа табысталды.
«Даңк» орденін Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова иеленді.
Сондай-ақ «Қырғыз Республикасының Халық әртісі» құрметті атағы қазақстандық белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевқа, танымал эстрада әншісі, киноактриса Роза Рымбаеваға берілді.
Әнші Роза Рымбаева мәдениеттің шекарасы жоқ екенін атап өтті.
«1996 жылы маған Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. 28 жылдан кейін «Қырғыз Республикасының Халық әртісі» құрметті атағын алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен жетістік», — деді ол.
«Таң-Шолпан» көркем-әдеби журналының редакторлар кеңесінің төрағасы, бас директоры Дидар Құлкенов «Даңк» медалімен марапатталды.