Бейжіңде Қытайдағы Қазақстандық туризм жылының ашылуы өтті.
28-29 наурыз күндері ашылу салтанаты аясында Бейжіңде Қазақстан мен Қытай өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Іс-шараның бірінші күні Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.
«Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз», — деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан – кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті.
«Еліміздің туристік әлеуеті зор. Біздің мақсатымыз – сол байлықты барлығына қолжетімді ету», — деп толықтырды Ермек Маржықпаев.
Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты. Құттықтау сөзімен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен таныстырды.
«Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі екеніне сенімдіміз. Ол визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегиялық серіктесі. Біз туристердің назарына эко-, этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын «Еco-Ethnic-Entertainment-Events» концепциясын ұсынамыз», — деді Қайрат Сәдуақасов.