Қазақстанда әскерден жалтарушылар саны азайып келеді. Бұл туралы Қарулы Күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Азамат Досымов айтты.
Офицердің айтуынша, екі жылда әскерден жалтарушылар саны айтарлықтай қысқарған.
«Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер бойынша: екі-үш жыл бұрын олар (әскерден жалтарушылар — еск.) шамамен 35-40 мың адам болды. 2023 жылғы әскерге шақыру қорытындысы бойынша — 20 мыңға жуық адам. Осы екі жыл ішінде бірнеше есе қысқарды», — деді Досымов ОКҚ брифингінде.
Ведомство бастығының орынбасары мәліметінше, бұл ретте басқа мемлекеттік органдармен ықпалдасу және әскерге шақыру қызметінің тартымдылығын арттыру көмектеседі.