Астана қаласында бокстан жасөспірімдер, жастар және қыздар арасында Азия чемпионаты өтті. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде оңтүстіктің саңлақтары 6 медаль олжалады. Табысты өнер көрсеткен жерлестерімізді Шымкент Теміржол вокзалынан спорт саласының мамандары мен туыстары және дос-жарандары құшақ жая қарсы алды.
Сары құрлық елдерінің бокс бәсекесі 21 қазан мен 03-ші қараша аралығында елордада жоғары дәрежеде өтті. Айтулы додада 23 мемлекеттің өкілдері шаршы алаңда бақ сынасты. Осындай тартысты өткен Азия чемпионатында Ел намысын қорғаған Түркістан облысының спортшылары жарады. Жалпы 7 боксшысы қатысып, 4-алтын, 1-күміс және 1-қола медальді олжалап, ел мерейін үстем етті. Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар қатарында 63,5 келідегі талантты спортшы Төрехан Сабырханға тең келер қарсылас болмады. Ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жақсы ойын өрнегімен көзге түсіп, Азия чемпионатының «үздік боксшы» атанды.
60 келіде жұдырықтасқан жерлесіміз Бахтияр Анарбай да барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңістің шыңын бағындырды. Бахтияр жарыс барысында жинақтаған тәжірибесі мен алдағы жоспарын айтып берді.
Сондай-ақ, қыздар арасында да жерлестеріміз қос алтын медальді ел қоржынына салды. 75 келідегі Шұғыла Нәлібай алтынды медальді мойнына ілсе, 57 келідегі тағы бір аруымыз Ұлжан Сәрсенбек те алтын медальдің иесі атанды. Сонымен қатар, 46 келіде өнер көнсеткен Айым Танкибаева күміс жүлдені еншілесе, 66 келіде шаршы алаңда бақ сынаған жерлесіміз Айсұлу Мұхит қолаға қол созды.
Осындай жарқын жеңістерімен қуантқан жерлестерімізді Шымкент теміржол вокзалынан Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы мен туғандары және дос-жарандары құшақ жая қарсы алып, гүл шоқтарын табыстады. Салтанатты шараға жиналғандар жеңімпаздарға ақ тілектерін айтып, алдағы уақытта да көк байрағымызды көкте қалықтата беріңдер деген сеніммен тарқасты.